Науқастарға ізгі ниетпен: Павлодардағы ауруханада адамдардың өмір сүру сапасын арттырады
Күрделі ота жасатқаннан кейін павлодарлықтар велосипед теуіп, дартс ойнап, би билей алады. Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың физикалық медицина және оңалту бөлімшесінде емделіп шыққандар осының бәріне тез арада орала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бөлімше меңгерушісі Нина Синяева айтып өткендей, мекеменің басты артықшылығы – күшті кадрлар мен науқастарға деген ізгі ниет.
- Персоналдың 91%-ы квалификациялық категорияға ие, кадрлардың жиі ауысуы жоқ, науқастарға сыйластықпен және эмпатиямен қараймыз, - дейді физикалық медицина және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Нина Синяева. – Бөлімше қызметкерлерінің көптеген марапаттары бар. Дәрігерлер жұмысына атүсті қарамай, үнемі емнің жаңашыл әдістерін қолдануға тырысады.
Олардың бірі – резидент-дәрігер Меруерт Рахманова. Болашақ физиотерапевт-дәрігер науқастардың сауығып жүргеніне сүйсіне қарап, оларға барынша көмектеседі.
- Мен емдік дене шынықтыру кабинетінде жұмыс істеймін, Семей медицина университетінде қатар оқимын. Физиотерапевт мамандығын әдейі таңдадым, өйткені, олардың күрделі оталардан кейін сауыққанын көргім келеді, атсалысқым келеді. Бұл күш береді. Қазақстанда оңалту саласына ерекше көзқарас қалыптасып келеді, жаңа аппараттар енгізілуде, - дейді Меруерт Рахманова.
Әрбір науқас үшін оңалтудың жеке кешенді жоспары құрылады. Бағыттары әртүрлі: терапия, хирургия, неврология, гинекология, травматология. Оңалту ісі отадан кейін екінші күні емдік дене шынықтыру, механотерапия мен магнитотерапиядан басталады.
- Жаттығулардан бастаймыз, бұлшық еттерді «Артромот» аппаратымен қимылдатамыз. Бұл құрылғы жүз пайыздық сауықтырудың нәтижесін береді және де мұндай аппарат қала ішінде бізде ғана бар, - дейді Нина Синяева.
2019 жылы Анар Әбділманова ауыр жарақат алады – жамбас буыны сүйектері қабына бастады. Павлодар тұрғыны бірнеше мәрте күрделі оталарды бастан кешірді. Кезекті отадан кейін дәрігерлер «Артромот» аппаратымен емделуді ұсынды.
- Осында келіп жүргеніме екінші күн болды, маған ұнайды. Жаттығулар жасаймын. Сүйектерім бері қараған сияқты. Қазір сәл жүре бастадым, тізе бүге алатын болдым, - дейді Анар Әбділманова.
Былтырғы жылы физиотерапиядан 5 390 адам өтті, бұл 2021 жылдан гөрі 2 245 адамға артық. Емдік дене шынықтыруды 844, массаж – 1 032 адам қабылдаған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе артық.
Дәрігерлерге алғысты зейнеткер Татьяна Котышева да жаудыруда. Оның айтуынша, медперсонал адамдарға жылы қарайды және бастысы – кәсіби жағынан мықты.
- Менде тізе буынының артриті. Бұрын таяқ ұстап қана жүре алатынмын. Қазір өзім жүремін. Медперсонал жақсы, жарайсыңдар, - дейді Татьяна Котышева.
Физиобөлімшенің тағы бір артықшылығы – аппараттық қамсыздандырылуы. Электр, жарық, парафинмен емдеу кабинеттері, соққы толқынды, лазерлік терапия кабинеттері, галокамера және барокамера секілді физиотерапиялық құрал-жабдықтар бар.
- Реабилитациялық көмек оңалту және науқастар өмір сүру сапасын жақсарту бойынша барлық заманауи талаптарға сай, - дейді Нина Синяева. – Бөлімшеміз УВТерапия, электростимуляция, лазеротерапия, магнитотерапия секілді баламасы жоқ қызмет көрсетеді. «Ormed Tractiоn» тракциялық кереуеті де бар.
Дәрігер галокамераның сауықтыру қасиеттері туралы баяндады. Тұз бөлмесіне кіріп-шыққан адамдар санаторлық-курорттық кешенді болғандай әсер алады. Мұндай процедуралар барлық жастағы адамдарға қажет. «Тұзбен тыныстау» аптап ыстық, желдетілмейтін бөлмелерде жұмыс істейтін немесе өндірісте еңбек ететін, сондай-ақ жиі суық тиіп ауырып, иммунитеті төмен адамдарға өте пайдалы.
- Тұзды блоктар арасында отырып демалу, стресті кетіріп, өкпелерді тазартуға, денсаулықты түзетуге, адамның күш-жігерін қайтаруға көмектеседі. Тұзды бөлмеде ем қабылдау ЖРВИ, пневмония, бронхит, ЛОР, жүрек-қан тамыр аурулары, аллергиялық және астма кезінде ұсынылады. Дәл белгіленген емдік курс аллергиядан құтылуға және денсаулықты нығайтуға көмектеседі, - дейді Нина Синяева.
Соққы толқынды терапия да тәуір нәтиже береді. Ол заманауи жоғары тиімді физиотерапиялық әдіс. Медиктер белгілі бір жиіліктегі соққы-акустикалық толқындар көмегімен эректильді дисфункция, жүректік ишемиялық ауруы, күйік шалғандар, псориаз және басқа да тері, сондай-ақ тірек-қимыл аппаратының қабынуларын емдейді.
Бөлімшеде заманауи физиотерапиялық аппараттар мен тренажерлер қолдану арқылы емнің жаңа әдістерін енгізуді жоспарлауда. Олардың бірі – БОС-терапия аппараты. Автоматтандырылған жүйе травматологиялық, неврологиялық аурулары бар науқастарды емдейді, электромиография таспасын жазуға және пассивті және белсенді кинезотерапия өткізуге мүмкіндік береді.
Оған қоса, пластикалық және косметологиялық оталардан кейін қолданылатын физиопроцедуралар өткізуге қажет «Биоптрон» аппаратын сатып алу жоспарлануда.
Дегенмен, бастысы кадрлар. Олардың біліктілігін көтеру жалғасын табады.
Фото: автор және облыстық аурухана баспасөз қызметі