Павлодар облысында қызылшаға қатысты ахуал тұрақты
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлімдеді.
– Биыл қызылша жағдайларының тіркелуі жалғасуда. Қазіргі таңда 35 жағдай анықталған, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 26 бала, екі жасөспірім және жеті ересек адам. 2025 жылы Павлодар облысында қызылшаның 150 жағдайы тіркелген, ал 2024 жылы 1626 жағдай тіркелген болатын, яғни аурушаңдық деңгейі 11 есе төмендеген, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері.
Батырбек Әлиевтің айтуынша, Павлодар облысында Астана қаласындағыдай күрделі жағдай тіркелген жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда өңірдегі эпидемиологиялық ахуал салыстырмалы түрде тұрақты. Қазіргі уақытта барлық қажетті профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.
Жалпы вакцинация жасына жетпеген 1 жасқа дейінгі балалар арасында да сырқаттану байқалады.
– Қазіргі уақытта Павлодар облыстық балалар ауруханасының инфекциялық стационарында қызылшамен ауырып жатқан балалар жоқ. Алайда 2026 жылдың қаңтар айында стационарда қызылша диагнозымен 15 бала ем қабылдаған, олардың 5-еуі – бір жасқа толмаған. Барлық науқас балалар вакцинацияланбаған, – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасында.
Салыстырмалы түрде 2024 жылы қызылша диагнозымен стационарлық ем алған 507 бала тіркелсе, оның 108-і бір жасқа дейінгі балалар болған. 2025 жылы 105 бала емделген, олардың 28-і – бір жасқа дейінгі балалар.
Мамандардың айтуынша, қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация.
– Қызылша – жоғары температурамен, денедегі бөртпемен өтетін жедел вирустық жұқпалы ауру. Ауру кезінде жөтел, бас ауруы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Қызылша өте жұқпалы, яғни науқаспен байланыста болған, вакцина алмаған адамдардың басым көпшілігі ауырып қалады, – деді Батырбек Әлиев.
Ауру асқынған жағдайда отит, пневмония, энцефалит дамуы мүмкін. Ал 2 жасқа дейін қызылшамен ауырған балаларда бірнеше жылдан кейін панэнцефалиттің даму қаупі бар.
Айта кетейік, әлемде қызылшаның соңғы рет ірі өршіп кетуі 2023–2024 жылдары тіркелген. Қазіргі таңда Павлодар облысында қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланып отыр.