Павлодарда көрнекті ақын, жазушының кітабының таныстырылымы өтеді
Кітап араб графикасында 1948 жылы жарық көрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ғали Орманов 1907 жылдың 15 тамызында Ресей империясы, Жетісу облысы, Қапал уезі, Ешкіөлмес шатқалында туып, 1978 жылдың 15 қыркүйегінде Алматы қаласында өмірден өтті. 1943 жылы қазақ педагогика институтын бітірген. Ақын бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қазақ поэзиясының дамуына арнады. Орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиеті саласына өлшеусіз үлес қосқан аудармашы, аса құнды еңбектер жазған қажырлы тұлға. Оның қаламынан қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына айналған өлеңдер жинақтары, поэмалары, жыр кітаптары, прозалық жинақтары жарық көріп, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған.
Тұңғыш өлеңдер жинағы «Шеңбер» деген атпен 1934 жылы жарық көрді. «Еңбек қызыл ту», «Қызыл жұлдыз», «Ленин» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
– 29 шілде күні сағат 12:00-де ақынның 1948 жылы араб графикасында жарық көрген «Өмір дастаны» атты кітабының таныстырылымы өтеді. Көрнекті қаламгерден мұра болып қалған бұл жәдігердің ерекшелігі, кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған, – дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің баспасөз орталығы.
Аталмыш кітап Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасында басылып шыққан. Жинақта ақынның өлеңдері топтастырылып берілген. Атап айтқанда, «Ана сабағы» дастаны, «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы», «Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» және тағы басқа өлеңдері басылған.
Жәдігерді ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлы музейге аманаттап отыр.
Өтетін орны: Марғұлан көшесі, 97 мекенжайы бойынша орналасқан Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі.