Павлодарда Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі аула жаңа кейіпке енеді

Павлодарда Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі аула жаңа кейіпке енеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала әкімі Хасар Хабылбеков әлеуметтік желі арқылы өтініш білдірген тұрғындармен арнайы кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Instagram парақшасында мәлімдегендей, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 30-үйдің тұрғындарын толғандырған басты мәселе – аула ішін абаттандыру, автотұрақ тапшылығы және ересек балаларға арналған спорт алаңының жоқтығы.

Кездесу барысында белсенді тұрғындар ауладағы балалар ойын алаңының сапасы жақсы екенін, алайда жасөспірімдер үшін футбол немесе баскетбол ойнайтын орынның қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, көлік қоятын орынның тарлығынан тротуарлар мен жолдарда «кептеліс» туындайтынын айтып, автотұрақты кеңейту бойынша нақты ұсыныстарын білдірді. Тұрғындар көлік тұрағын көрші үйлерге қарай ұзартуды ұсынды.

Қала басшысы бұл ұсыныстардың барлығы ескерілетінін айтып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Келесі жылдың жоспарына сәйкес, бұл аумақта асфальт төсеу, автотұрақ аумағын кеңейту және заманауи воркаут алаңын салу жұмыстары қолға алынады. Спорт алаңы қауіпсіздік үшін арнайы қоршаулармен жабдықталмақ.

Жұмысты бастамас бұрын әкімдік өкілдері ауланың белсенді тобымен қайта кездесіп, абаттандыру жоспарын тұрғындармен бірге талқылап, мақұлдайтын болады. Негізгі жұмыстар алдағы көктемде басталады деп жоспарлануда.