Павлодар облысында аса қауіпті учаскелерде талдау жүргізілді

Мұндай жолдардың бірі – Астана – Павлодар бағыты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жариялады. Оның міндеттерінің бірі қала сыртындағы жолдардағы апаттылықты төмендету бойынша тиімді шаралар қабылдау және жүргізушілер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттау болып табылады.
Павлодар облысының полиция департаменті осыған байланысты, автожолдардың жиі апатты тіркелетін аса қауіпті учаскелеріне талдау жүргізді.
– Нәтижелері бойынша әкімшілік полиция комитетінің келісімімен жол қызметтерінің өкілдерімен бірлесіп, Астана – Павлодар автожолының 173 шақырымында, «Ақжол» кемпингінің жанында көлік құралдарының тоқтайтын орны анықталды. Осы жол учаскесінде ағымдағы жылдың басынан бері 13 ЖКО тіркеліп, екі адам қаза тауып, 20 адам жарақат алған, – дейді департаментте.
Аталған учаскеде «ҚазАвтоЖол» ҰК жол белгілерінің көмегімен бір жолаққа дейін жол тарылды, полиция жүргізіп жатқан шараларды түсіндіру және жол қауіпсіздігінің алдын алу бойынша жадынамалар мен буклеттер тарату үшін полиция бекеті қойылды.