Теренкөлде жаңа заманауи жылу беру нысаны салынуда
Аудандағы алғашқы блок-модульді қазандықтың құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа нысан көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді.
Тереңкөл ауданында тағы тоғыз қазандық жұмыс істейді. Алайда олардың барлығы ескі үлгідегі нысандарға жатады. Жаңа блок-модульді қондырғы орталықтандырылған жылумен қамту аясын кеңейтіп, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Тереңкөл ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марат Мұқышевтің айтуынша, жаңа қазандық қосымша 30 жекеменшік үйді жылумен қамтамасыз етеді.
– Жаңа нысан ескі қазандықтарға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, жаңа тұтынушылардың қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Жыл сайын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуға ниет білдірушілердің саны артып келеді. Бүгінде аудан орталығындағы үйлердің шамамен 40 пайызы қазандықтарға қосылған. Тереңкөлде 8,5 мың адам тұрады. Тұрғындар үшін орталықтандырылған жылумен қамту көмір сатып алғаннан тиімдірек, – дейді Марат Мұқышев.
Жалпы жүктеме 7,5 мың шаршы метрді құрайды. Блок-модульді қазандықтың қуаты – 4,4 МВт. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 90 пайызға жетті.
Еске салайық, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Железин және Тереңкөл аудандарына жұмыс сапарымен барды. Железинкада өңір басшысы көптен күткен пәтерлердің кілттерін 36 отбасына табыстап, егін жинау науқанының барысымен танысты. Сондай-ақ инфрақұрылым нысандарының жылу беру маусымына дайындығын тексерді.