Павлодарда мектепті қырық шақты оқушы «Алтын белгімен» аяқтайды

Павлодарда мектепті қырық шақты оқушы «Алтын белгімен» аяқтайды
Фото: Константин Шелков

Шаһарда үздік аттестатқа 80 үміткер бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше,  жалпы білім беретін мектептерде 1-11-сынып аралығындағы 50 066 оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Оның ішінде 1 658-і – 11-сыныптың, 4 341-і – 9-сыныптың түлектері.  

– 11-сынып түлектерінің арасында «Алтын белгі» аттестатына – 38, үздік аттестатқа 80 үміткер бар, – деді білім беру бөлімінде. – Ал, 24 және 25 мамырда өтетін мерекелік шараларға қоғамдық ұйымдарының өкілдері, ұстаздық еңбек ардагерлері, Құрметті азаматтар, мектеп түлектері, БАҚ өкілдері қатысады деп жоспарлануда. 

Алдағы уақытта 9 - 11-сынып түлектері мемлекеттік емтихан тапсыруы тиіс. 16 мамыр мен 5 шілде аралығында 1658 түлек ҰБТ тапсыруды бастады. 

Айта кетерлігі, биыл өңірде оқу жылын 116 мың оқушы аяқтағалы отыр. 

Еске сала кетейік, 27-31 мамыр аралығында 5-8 және 10-сыныптардың 54 мың оқушысы қазақ тілінен алғаш рет емтихан тапсырады.