Павлодар облысында жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігі қалай қадағалануда?
Облыста қала сыртында орналасқан 12 жазғы лагерь бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова мәлім етті.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын жазғы демалысты дайындау және өткізу жөніндегі шаралар кешені әзірленіп, жүзеге асырылады, – деп атап өтті Роза Ақанова. – Жазғы маусым қарсаңында барлық мүдделі ведомстволар – құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен жиындар өткізілді.
Оның сөзінше, өңірдегі қала сыртында бар 12 жазғы лагерьдің тоғызы – мемлекеттік, ал үшеуі жеке меншік болып табылады. Бүгінде «Орлёнок» жазғы лагерінен басқа, 11 лагерь жұмыс істейді. 15-16 шілдеде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары барлық лагерьдің қызметін тексеріп, оң қорытынды шығарды.
– Өрт қауіпсіздігі, медициналық қызмет көрсету мәселелері ерекше бақылауда. Балалар мінген автокөлік құралдары полицияның патрульдік қызметімен бірге жүреді, – деді Роза Ақанова.
Айта кетейік, 5 мамыр мен 31 тамыз аралығында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы өтіп жатыр.
«Қауіпсіздік десанты» акциясы шеңберінде облыстық қалалары мен аудандарында елді мекендер, аула аумақтарында балаларға қауіп төндіретін орындарды, яғни ашық құдықтар, қоршалмаған жиынтықты трансформаторлы қосалқы станциялар, құрылысы аяқталмаған немесе қараусыз қалған ғимараттар, жабдықталмаған жағажайлар және өзге де нысандар, оқу орындары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының аумағында стандартты емес спорттық құрал-жабдықтарды анықтау бойынша мониторинг жүргізу ұйымдастырылуда.