Павлодарда мемлекеттік басқару академиясында оқу үшін биылғы жылы қандай өзгерістер енгізілгені айтылды
ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау науқаны басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы бойынша филиал директоры Самал Жарғақова науқан 26 маусымға дейін жалғасатынын айтты.
- Үміткерлерден құжаттарды қабылдау онлайн форматта өтеді, - дейді Самал Жарғақова. - Академияда мемлекеттік қызметшілерді даярлау – алты магистрлік, үш докторлық бағдарлама бойынша және өндірістен қол үзбей оқуға болатын екі модульдік бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінді.
Мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл, ал докторлық бағдарламалар үшін 5 жыл еңбек өтілі болуы қажет.
Шетелдік азаматтарды есептемегенде, барлық білім беру бағдарламаларына түсушілердің мемлекеттік тілді меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы тиіс
- Бұдан басқа, биыл оқуға қабылдау ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді, - дейді филиал директоры. - Атап айтқанда, халықаралық қатынастар, мемлекеттік саясат және экономика 2 жылдық бағдарламалары бойынша оқу мерзімі екі жылдан бір жарым жылға дейін қысқартылды. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік басқару бағдарламасына магистрге құқық қорғау органдарынан және арнайы мемлекеттік органдардан да үміткерлер қабылдайды. Ал, қабылдау науқанының жалпы мерзімі 20 күнге қысқартылды.
Оған қоса, жоғары «gpa»-мен бітірген , академия түлектері жоғары тұрған басшы лауазымдарға конкурссыз тағайындалады.
Спикер 2023-2024 оқу жылында академияға Павлодар облысынан тоғыз адам қабылданғанын атап өтті.
Сондай-ақ, 2024 жылғы 1-30 қараша аралығында мемлекеттік қызметші емес тұлғалар үшін модульдік оқыту қағидаты бойынша магистратураға қосымша құжат қабылдауды жоспарлап отыр.
Айта кетерлігі, академияға жас бойынша оқуға түсушілер үшін шектеу жоқ. Қазіргі уақытта білім алушылардың орташа жасы 35 пен 39 жас аралығында. Оқуды аяқтағаннан кейін ол өзінің мемлекеттік органында кемінде 3 жыл жұмыс істеуі керек.