Павлодарда жас ұстаздар бейтаныс сыныпта ашық сабақ өткізді

Павлодарда жас ұстаздар бейтаныс сыныпта ашық сабақ өткізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

14 қатысушы № 25 және С. Торайғыров атындағы мектептерге барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, жас педагогтердің мәртебесі мен шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында қаланың 27 жалпы білім беретін мектебінің 35 жас педагогінің қатысуымен «Жаңа мектеп – заманауи мұғалім» VII республикалық конкурсының қалалық кезеңі өтті.

Конкурс үш тапсырмадан тұрды – «Жаңа мектеп – заманауи мұғалім» тақырыбында эссе жазу, «Шығармашылық жолдың басталуы» тақырыбында өзін-өзі таныстыру және бейтаныс сыныпта сабақ өткізу.

–   Конкурстың екі тапсырмасының қорытындысы бойынша 70%-дан астам балл жинаған 14 қатысушы № 25 және С. Торайғыров атындағы мектептер базасында бейтаныс сыныпта ашық сабақ өткізуге қатысты, – деді бөлімде. 

Қалалық кезең қорытындысы бойынша үш қатысушы жүлделі орындарға ие болды, бес қатысушы конкурстың номинанттары атанды.

I орынды № 41 ЖОМ тарих пәнінің мұғалімі Нияз Ауталипов, II орынды С. Торайғыров атындағы ЖОМ информатика пәнінің мұғалімі Жания Бақытжан, III орынды М. Әлімбаев атындағы ЖОМ физика пәнінің мұғалімі Ахылбек Нұрсұлтан иеленді.

Қалалық кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыстық кезеңде бақ сынайды. Бейтаныс сыныптарда сабақ өткізген педагогтер Павлодар қаласының білім беру бөлімінің сертификаттарын алды.