Павлодарлық оқушылар республикалық олимпиадада жүлделі орын алды

Павлодарлық оқушылар республикалық олимпиадада жүлделі орын алды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз орталығы

Алматыда өткен білім додасында өңір командасы үздік үштікке енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, Алматы қаласында 9–11 (12) сынып оқушылары арасында география және химия пәндері бойынша өткен республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі аяқталды. Білім бәйгесіне еліміздің барлық өңірлерінен 309 оқушы қатысып, 140 жүлде сарапқа салынды.

Қатысушылар географиялық талдау, табиғи және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді түсіндіру, сондай-ақ күрделі химиялық есептерді шығару мен тәжірибелік тапсырмаларды орындаудан білімдерін көрсетті.

Бес күнге созылған олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Жалпы 29 оқушы бірінші, 40 оқушы екінші, 71 оқушы үшінші орын иеленді.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясында Павлодар облысының құрамасы жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл қатарда Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары да бар.

Екінші орын «РФММ» КеАҚ пен Астана қаласының командаларына бұйырса, бірінші орынды Алматы қаласының командасы иеленді. Ал бас жүлдені Зияткерлік мектептердің командасы жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы уақытта ұлттық олимпиадалық резерв құрамына еніп, халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.