Павлодарлық ұстаздар республикалық фестивальде үздік атанды

Павлодарлық ұстаздар республикалық фестивальде үздік атанды
Фото: Білім беру бөлімі

Фестивальға өңірімізден алты педагог қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Білім беру бөлімінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Алматы облысының Қаскелең қаласында Сүлеймен Демирель университетінің базасында «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының республикалық кезеңін өткізді.

Аталмыш іс-шара педагогтердің шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыруын және кәсіби өсуін ынталандыруға, Қазақстан мектептерінің басшылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және таратуға бағытталған.

Фестивальға жалпы білім беретін, мамандандырылған мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар педагогтері және дефектолог қатысты.

Конкурс қорытындылары бойынша, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының І дәрежелі дипломымен Ақсу қаласының мектеп-лицейінің орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Коломеец, ІІІ дәрежелі дипломдарымен Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Гамал Күлжанов, Ақсу қаласының №7 орта мектебі информатика пәнінің мұғалімі Қайырпану Негманова, Павлодар қаласының №6 жалпы орта білім беру мектебінің дефектологі Айгүл Джусупова иеленді. Ал Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталарымен Павлодар облысы білім беру басқармасының дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің география пәнінің мұғалімі Виталий Кожокар, Ақсу қаласының №18 сәбилер бақшасының психологі Айгерім Рустемханова марапатталды.

Сондай-ақ, фестивальдің барлық қатысушыларына сертификаттар табысталды.