Павлодарда мемлекеттік тілде белгісі жоқ өнімді сатқандар жазаланды
Ережеге сәйкес тауарда екі тілдегі белгі-жазу болуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова мәлім етті.
– Тұрғын шұжықтың сыртында мемлекеттік тілдегі түсініктеме-белгі жоқ екенін айтып шағымданды. Шағымданушы нақты дәлелдер жіберген соң аталмыш мекеме тексерілді. Тексеріс барысында ереже бұзушылық расталды. Бұзушылық жасаған дүкенге айыппұл салынды, – дейді Гүлнар Ақылбекова.
Спикердің айтуынша, мұндай жағдай ағымдағы жылы алғаш рет орын алып отыр.
– Мәселен, егер сіз осындай жағдайдың куәгері болсаңыз, нақты дәлелдермен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгіне аласыз. Бізге тауардың фотосы және тауар алынғаны жайлы чекті жіберсеңіз, біз барып, мекемені тексере аламыз. Егер де жай ғана қоңырау шалсаңыз, шыға алмаймыз, – дейді спикер.
Айта кету керек, егер тауарда тек мемлекеттік тілден басқа белгілер болмаса да шағымдануға мүмкіндік бар.