Павлодарда шала туған балаларға қойдың жүнінен жасалған жөргектер таныстырылды

Павлодарда шала туған балаларға қойдың жүнінен жасалған жөргектер таныстырылды
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Ленин кентінің тұрғыны Әлия Сұңғатова «Бір ауыл – бір өнім-2023» атты тауар өндірушілерінің көрме-байқауына ерекше жөргектер әкелді, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz

–  Бұл жөргектер мен жайылдықтар таза қойдың жүнінен бастырылып шығарылған. Ерте туған сәбиге анасының жылуы жетіспейді.  Сондықтан бүгінде оларды кювезге салып қояды. Ал бұрын аналарымыз нәрестені қойдың жүніне ораған. Сол дәстүрді қайта жаңғыртқым келеді, – дейді Әлия Сұңғатова.

Кәсіпкер өзінің балалары мен немерелерін осы жайылдықпен орағанын айтады. Қой жүні адамның қан қысымы мен бас сырқатын жазатын бірден-бір ем. Қой жүнімен оралған шала туылған сәбилердің денсаулығы жақсарып, тез салмақ жинаған, тыныш ұйықтап, жақсы тамақтанатын болған.  Бала көп жыламайтын көрінеді, денесінде мүлде аллергия болмаған. Өйткені табиғи қой жүні ауаны жақсы өткізеді. Содан бала терлемейді.

– Бұл шала туылған балаларға өте пайдалы. Менің балаларым  мен  немерелерім де осы жөргек пен жайылдыққа оралып өскен. Тіпті менің өзім де осы жайылдықпен өскенмін, – дейді кәсіпкер Әлия Сұңғатова.

Ауыл тұрғыны тауарды бағалап, қолдау көрсетушілер болса, бұл саламен ауқымды деңгейде айналысуға дайын.

–  Егер демеуші табылса, бұл саланың ауқымын кеңейтуге дайынмын. Жаныма осы саланы дамыту үшін қолөнершілерді аламын, – дейді кәсіпкер Әлия Сұңғатова.

Естеріңізге сала кетейік, байқауға әр ауданнан келген 10-нан астам кәсіпкер қатысты. Көрмеде азық-түлік, сүт өнімдері, әшекей бұйымдары, сабындар сынды тауарлар қойылды.