Шарбақтыдағы айтыста оқушылар Тәуелсіздікті жырға қосты
«Тәуелсіздік – тұғырым» атты оқушылар айтысына 3 жұп өнерпаздар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
24 қазан күні «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында Республика күнін мерекелеуге арналған «Тәуелсіздік - тұғырым» атты оқушылар арасында аудандық жас ақындар айтысы өтті. Шараны аудандық білім беру бөлімі мен балалар музыкалық мектебі ұйымдастырды.
- Айтыстың мақсаты - ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқына және оның дәстүрлеріне құрметпен қарауды үйрету, эмоционалды интеллекті қалыптастыру. Әрі айтысты қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнердің баға жетпес мұрасы ретінде дәріптеу арқылы дарынды шығармашыл жастарды анықтауды көздейді, - делінген хабарламада.
Жыр додасына 6 оқушы қатысты. Нәтижесінде І орын (50 000 мың теңге) – А. Құнанбаев атындағы мектептің оқушысы Алина Жұмабекқызы иеленіп, 50 мың теңгені қанжығалады. Жүлделі ІІ орын осы мектептің тағы бір Айдана Рахатқызыны бұйырды. Ол 40 мың теңгелік ақшалай сертификатқа қол жеткізді. Ал ІІІ орынға берілген 30 мың теңгені А.Құнанбаев атындағы мектептің оқушысы Ұлықман Нұрболұлы қанжығалады.
Бұдан бөлек, белсенді қатысқандары үшін өзге балаға 15 мың теңгеден ынталандыру сыйақысы берілді және олар Алғыс хаттармен марапатталды.