Павлодарда мерген мұғалімдер анықталды

Павлодарда мерген мұғалімдер анықталды

Қалалық білім беру бөлімінің «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының «Дос» бөлімшесінде  екі күндік садақ атудан бірінші ашық турнирі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 Мақсат - ұлттық спортты, дәстүр бойынша садақ ату түрін насихаттау және дәріптеу. 

Жарысқа «Қалқанға садақ ату» және «Дәстүрлі садақ ату» екі бағыты бойынша 90-ға жуық балабақша тәрбиешісі мен жалпы білім беретін қала мектептерінің педагогі қатысты. Ең мықты мергендер шеберлік пен кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша 12 қатысушы жүлделі орындарға ие болды. Олардың барлығы дәлдік, ептілік, физикалық, техникалық, тактикалық дайындықты көрсетті, – дейді турнирдің бас төрешісі Егінбай Амангелді.

Қалқанға садақ ату – бұл ату сызығына перпендикуляр орнатылған нысана. Ерлер арасында І орынды № 35 ЖОМ бастауыш және технологиялық дайындық мұғалімі Аманжол Жамбусинов, ІІ орынды М. Әлімбаев атындағы физика мұғалімі Ақылбек Нұрсұлтан, ІІІ орынды № 25 ЖОМ математика мұғалімі Дорж Хуатбек иеленді. Әйелдер арасында І орынды № 21 ЖОМ география пәнінің мұғалімі Үмітжан Қасен иеленді. II орын – Малайсары батыр атындағы мектептің физика, математика пәні мұғалімі Айбота Бақытжанға, III орын № 102 бөбекжай тәрбиешісі Арай Нескееваға бұйырды.

Жарыс дәстүрлі садақ ату саласында тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналды. Жыл сайынғы іс-шараны өткізу және өңірде садақ ату дәстүрін нығайту үшін негіз қаланды. Іс-шара көрермендердің қолдауына ие болды, бұл оның ұлттық спортты дамытудағы маңызды рөлін растайды, – дейді «Дос» клубының меңгерушісі Әсем Әкімбаева.

Жеңімпаздар Павлодар қаласының білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің дипломдарымен, медальдарымен марапатталды.