Павлодарлық оқушы Моңғолияда өткен шахмат чемпионатында алтын медаль иеленді

Павлодарлық оқушы Моңғолияда өткен шахмат чемпионатында алтын медаль иеленді
Фото: облыстық білім беру басқармасы

Жарыс Ұлан-Батырда өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһардың №8 мектеп-лицейінің оқушылары халықаралық шахмат аренасында ел мерейін асырды. Ұлан-Батырда өткен 19-шы Азия мектеп чемпионатында жас павлодарлықтар жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Жетінші сынып оқушысы Ахмет Сүлеймен «рапид» бойынша командалық есепте алтын медаль иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Бұған қоса, ол классикалық шахматтан жеке және командалық есепте екі күміс жүлдені еншіледі.

Ал тоғызыншы сынып оқушысы Дуабек Абылайхан да аймақ намысын абыроймен қорғап, «блиц» санатындағы командалық есепте күміс медальға ие болды.

Айта кетейік, Моңғолия астанасында өткен беделді додаға 16 елден алты жүзден астам жас шахматшы қатысқан. Халықаралық додада павлодарлық оқушылардың осындай табысқа жетуі – өңірде шахмат спортының қарқынды дамып келе жатқанының айғағы.