Павлодарда миллиондаған қарызы бар автожүргізуші ұсталды
Көлік жүргізушісінде елу миллионнан астам теңгеге жуық «қарыз» болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Павлодар қаласындағы Астана – Лермонтов көшелерінің қиылысында «Кибершериф» мобильді кешені жеке сот орындаушысымен бірлесіп, «Mitsubishi Outlander» автокөлігін тоқтатты.
– Мәліметтер базасын тексеру кезінде бұл көліктің 52 миллион теңгеге жуық қарызы бар екені анықталды. Полицейлер көлікті мамандандырылған айып алаңына орналастырды, ол айыппұл толық төленгенше сол жерде сақталады, — деді қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде ағымдағы жылдың 20-30 маусым аралығында кез келген ұсақ құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидаты негізінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы өтуде.