Павлодар облысында «Қорғау» онлайн режимде көліктерді бақылайды
Өңірде жол жүру ережелерін бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған тағы бір мобильді қосымша енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қорғау» мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету бақылау шекарасынан өткен көлік құралдары туралы өзекті ақпаратты онлайн-режимде алуға мүмкіндік береді: мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тану, іздестіру, әкімшілік айыппұлдар бойынша өтелмеген берешек, көлік құралдарын сақтандыру, техникалық байқау. Сонымен қатар, жол жүру қағидаларын бұзушылықтарды тіркейді.
– Облыс орталығында қосымша 29 қыркүйектен бастап жұмыс істейді. Төленбеген айыппұлдар бойынша 68 хабарлама жіберілді, бір көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылды, – дейді департаментте.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыс орталығында бейнебақылауды жедел басқару орталығының 117 камерасы жүзеге асырады, оның көмегімен 10 айда 11 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық жойылып, 24 қылмыс ашылды.
56 мыңнан астам құқық бұзушылық жол жүру ережелері бұзушылықтарын тіркеу құралдарымен анықталды: redspeed камералары, интегралды жүйелер, «Автоураган» және «Оракул». Айыппұлдардың жалпы сомасы 597 миллион теңгеден асты.