Павлодарда кәсіпкерлерге заңсыз тексерістерден қалай қорғану керектігі түсіндірілді

Прокуратура үш заңсыз тексерісті тоқтатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
23 маусым күні құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» апталығының басталғанын жариялады. Апталықтың мақсаты – қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Осыған орай, Павлодар облысы бойынша ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің жергілікті деңгейде атқарып жатқан жұмысы белгілі болды.
Департамент басшысы Мұрат Қожамқұловтың айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Биыл департамент прокурорлары бақылаушы органдар тарапынан заңсыз жүргізілген 3 тексерісті анықтап, тоқтатты. Бұл — кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерінің әлі де кездесетінін көрсетеді.
Сонымен қатар, Департамент өкілдері кәсіпкерлердің өз белсенділігі мен қатысуы бұл бағыттағы тәртіпті күшейтуге сеп болатынына сенімді.
Кәсіпкерлерге тексерістің қандай жағдайда заңсыз болып саналатыны, тексеруші тұлғалар қандай құжаттарды көрсетуі тиіс екендігі туралы ақпараттық жадынамалар мен іс-қимыл алгоритмдері таратылды. Тек бір күннің ішінде 100-ден астам павлодарлық кәсіпкер осындай жадынамалар алды.
Бұдан бөлек, павлодарлықтарға «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы өтініш беру және оларды қарау тәртібі де егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл жүйе азаматтардың құқықтарын қорғауда тиімді құрал ретінде танылып отыр. Ол өтініштерді мемлекеттік органдарда жедел әрі ашық түрде қарауға мүмкіндік беріп, заңды құқықтарды цифрлық форматта жүзеге асыруға ықпал етеді.
Департамент бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.