Павлодарда мүгедек балалардың аналары шағыммен аманаттықтарға жүгінді
Облыста мамандандырылған паллиативтік көмек орталығы жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы паллиативтік күтімге мұқтаж мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналардың ұжымдық үндеуі болды.
Отырыста сөз сөйлеген партияның өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова мәселенің өзектілігін атап өтті:
– Өкінішке орай, бұл мәселелерді бірнеше рет қарастырғанымен, әлі күнге дейін нақты қадамдар жоқ. Мүгедек балаларға көмек көрсету үшін паллиативтік бөлімше ашу жөнінде шешім әзірлеу, сондай-ақ бұл балалардың аналарының жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ екенін ескеру қажет, – деп атап өтті ол.
Өтініш берушілер бірқатар мәселелерді атап өтті: мамандандырылған паллиативтік көмек орталығының болмауы, қолданыстағы бөлімшеде төсек орындарының шектеулі саны, медициналық жабдықтардың жеткіліксіздігі және қажетті препараттардың жетіспеушілігі. Облыстағы паллиативтік бөлімше толыққанды медициналық құрамдас бөлікті көздемейтіні ерекше атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына мәселені ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін тиісті министрліктерге өтініштер мен сұрауларды жіберуді ұсынды.
Облыстағы мүгедек балаларға паллиативтік көмек көрсету жағдайы билік тарапынан кешенді тәсіл мен жедел іс-қимылды талап етеді. «AMANAT» партиясы бұл мәселені нақты нәтижелерге қол жеткізгенге дейін тұрақты бақылауда ұстауға ниетті.