Павлодар мұнай-химия зауытының жас маманы үздік қызметкер атанды

Ол кәсіпорында төрт жыл бойы жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар мұнай-химия зауытының қызметкері Диас Айтуаров «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінде «Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
– Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Алдағы жұмысыма жаңа серпін беретіні сөзсіз. Зауыттағы негізгі міндетім – мұнайды өңдеу технологиялық үдерісін қадағалау, жабдықтардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету және өндірілетін өнімнің сапа стандарттарына сай болуын бақылау, – дейді Диас.
Жас маман зауытта терең өңдеу өндірісі мен вакуумдық айдау қондырғысының операторы болып төрт жыл жұмыс істейді.
Диас Айтуаровқа жұмысшы мамандықты таңдауға әкесі бағыт-бағдар берді. Оның айтуынша, мұнай-химия саласында еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді.
– Бұл салада әрбір қателік үлкен зардапқа әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда мен ауысымдық әдіспен еңбек етемін. Мұнай-газ ел экономикасының басты салаларының бірі болғандықтан, жауапкершіліктің ауыр жүгін сезінемін, – дейді жас маман.
Еске сала кетейік, республикалық байқаудың облыстық кезеңіне 16 маман өтініш білдірді. Бағалау кезінде қазылар алқасы қатысушылардың жұмыс тәжірибесі және өтіліміне назар аударды. Конкурс нәтижесінде «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның аға шебері Жексен Ажманов жеңіске жетті. Ал «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша 130 жылдан астам уақыт бойы алюминий зауытында еңбек етіп жүрген Гилевтер әулеті жеңімпаз атанды.
Фото Ризабек Ахметов