Павлодарлықтарды мереке алдында тағамдарды сатып алу кезінде мұқият болуға шақырды

Павлодарлықтарды мереке алдында тағамдарды сатып алу кезінде мұқият болуға шақырды
Фото: жасанды интеллект

Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сатылатын тағамдарға зер салу керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерекелік корпоративтер мен жаппай іс-шаралар қарсаңында тұрғындар торт, салат және дайын тағамдарды жиі алдын ала сатып алады немесе тапсырыспен алуға тырысады. Алайда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ең алдымен тағамды қайдан сатып алып жатқанына мән беруге шақырады.

Мамандардың айтуынша, үй жағдайында дайындалған өнімдер – торттар, салаттар мен кулинарлық тағамдар – эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті. Себебі мұндай өнімдерде сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмайды, шикізаттың қайдан алынғаны белгісіз, сақтау және тасымалдау талаптары сақталмауы мүмкін және тағамды дайындаған адамның медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат жоқ.

– Үйде дайындалған тағамдарда санитарлық бақылау жүргізілмейді. Әсіресе майонез, қаймақ, жұмыртқа және крем қосылған өнімдер бактериялардың жылдам көбеюіне қолайлы орта болып табылады. Температуралық режимнің сақталмауы тағамның тез бұзылуына және адам ағзасына қауіпті микроорганизмдердің дамуына әкеледі, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.

Сондай-ақ қолданыстағы санитарлық талаптарға сәйкес, қоғамдық тамақтану орындарында тек сол нысанда дайындалған және тиісті құжаттары бар тағам өнімдерін ғана қолдануға рұқсат етіледі. Үйден әкелінген тағамдардың қауіпсіздігін бақылау мүмкін емес, сондықтан оларды мейрамханалар мен банкет залдарына алып келуге тыйым салынады. Бұл талап мекеме иелерін емес, ең алдымен тұтынушылардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Мамандар тұрғындарға тағам өнімдерін тек ресми сауда орындары мен қоғамдық тамақтану объектілерінен сатып алу, үй жағдайында дайындалған өнімдерден бас тарту, мейрамханаларға өз тағамын алып келмеу, мерекелік іс-шараларды құжаттары бар орындарда ұйымдастыруды ұсынады.

Еске сала кетейік, бұған дейін мамандар қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік іс-шаралар кезінде тамақтан уланып қалмау үшін кеңестер берді.