Павлодарда оқушылар Мұзафар Әлімбаевтың жеке заттарын тамашалады
Аймақта ақын мерейтойына арналған шаралар әлі де жалғасын табуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
С.Торайғыров атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, балалар ақыны, жерлесіміз Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына және республикалық «Балдырған» балалар журналының жарыққа шыққанына 65 жыл толуына орай «Бала деп соққан бауырмал жүрек» атты әдеби-танымдық, ғылыми конференция өтті. Шараға белгілі ғалым ЕҰУ доценті, ф.ғ.к. Бақыт Баткеева, ф.ғ.к. белгілі ғалым Бақытгүл Қапасова арнайы қатысып, қаламгер туралы ойларын ортаға салды. Шарбақтылық айтыскер ақын арнау жырымен шашу шашса, оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқыды. ҚР Ұлттық Ұланының 55/12 әскери бөлімінің сарбаздары да кешке белсене қатысты. С.Баязитов атындағы облыстық балалар оқу орталығының «Кішкентай оқырман мектебінің» тәрбиеленушілері ақынның жұмбақтарын көпшілікке жасырды.
Б.Ахметов атындағы жоғары колледж студенті Дариға Қайырбек «М.Әлімбаев шығармаларын бастауыш сыныптарда игертудің тиімділігі» тақырыбында баяндама жасаса, Тілеуберді Қарақат ақынға арнаған «Бала, бала, балдырған» өлеңін оқып берді. Шараны М.Әлімбаев атындағы мектептің оқушысы Ажар Мұхтарханова әйгілі «Маралдым» әнімен түйіндеді.
Көпшілік Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен облыстық кітапхана бірлесіп дайындаған көрмені тамашалады.
Шараға М.Әлімбаев атындағы орта мектеп, Б.Момышұлы атындағы мектеп, №35 мектеп, Шарбақты ауылындағы А.Құнанбаев атындағы мектеп оқушылары белсене қатысты.