Павлодарлық акробаттар әлемдік аренаның үздіктері қатарында
Өңір спортшылары халықаралық жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің акробаттары Италияда өткен әлем чемпионатында үш күміс медаль иеленді. Алайда халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүрген спортшылардың сапарлары мен дайындық жұмыстары бүгінде демеушілердің қолдауына тәуелді.
Спорттық акробатикадан облыстың аға жаттықтырушысы Ирина Глушкованың айтуынша, өңірде бұл бағыттың қалыптасқан дәстүрі бар. Балалар 5-6 жастан бастап жаттығуға кіріседі. Кейбірі студент атанғаннан кейін де спортпен қоштаспай, жарыстарға қатысуын жалғастырады.
– Қазір облыста спорттық акробатикамен шамамен 400 бала шұғылданады. Оларға 17 жаттықтырушы тәлім береді. Мамандардың оны жоғары санатты болса, екеуі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, – деді ол.

Өңір акробаттарының жетістіктері әлем чемпионаттарымен ғана шектелмейді. 2025 жылы облыста 18 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 25-ке жуық спорт шебері даярланған.
Жергілікті спортшылар бұған дейін Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының финалына дейін жеткен. Сондай-ақ Дүниежүзілік ойындарда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Павлодарлық акробаттар ұлттық құраманың негізгі бөлігін құрайды. Сонымен қатар, Қарағанды облысының өкілдері де бұл бағыттағы мықты қарсыластардың қатарында.
Жас спортшылар Полина Мельник пен Ярослава Бутолина да халықаралық аренада жақсы нәтиже көрсетті. 12 және 14 жастағы қыздар өз санаттарында 43 елдің өкілдері қатысқан жарыста финалға дейін жетті.
Олардың айтуынша, мұндай жетістікке күнделікті жаттығу мен тәртіптің арқасында қол жеткізуге болады.
– Күн сайын жаттықтық. Тек жаттықтырушының айтқанын орындап қана қоймай, одан да көп күш салуға тырыстық, – деді Ярослава.
Алғашқы ірі халықаралық жарыс жас спортшылар үшін үлкен жауапкершілік болған. Әсіресе, өз елінің намысын қорғау және мықты қарсыластармен бәсекелесу оңайға соқпаған.
Қыздардың жаттықтырушысы Маргарита Воробьева олармен бес жылдан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, спорттық акробатикада жұптардың үйлесімділігі бірден қалыптаспайды. Оған уақыт, өзара сенім және үздіксіз дайындық қажет.
– Бұрын жарыс алдында қатты қобалжып, қорқып, тіпті, көздеріне жас алатын кездері болатын. Уақыт өте келе мұндай сезімдерді жеңуді үйренді. Біз бес жаттықтырушыдан тұратын бригада болып жұмыс істейміз. Әрқайсымыз өз тәжірибемізбен бөлісіп, балаларға қолдау көрсетуге тырысамыз, – деді ол.
Полина Мельник те бір кездері акробатикадан кетуді ойлаған. Алайда жаттықтырушысы мен ата-анасының демеуі оның спортта қалуына ықпал еткен.

Қазір команда келесі жылы өтетін Азия чемпионатына дайындалып жатыр. Алдымен Қазақстан чемпионатында іріктеуден өту қажет. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрамаға енетін спортшылар анықталады.
Павлодарлық мамандар спорттық акробатиканың қайтадан басым спорт түрлерінің қатарына қосылуынан үмітті. Өйткені, жүздеген баланы қамтып, әлемдік деңгейде жүлде алып жүрген бұл бағыттың әлеуеті зор. Жас чемпиондардың жетістігін жалғастыру үшін талант пен табанды еңбектен бөлек, тұрақты қаржылық қолдау да қажет.
Еске сала кетейік, Павлодардағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінде мыңға жуық бала спорттың төрт түрімен айналысады. Мекемеде жаттығу залдарының тапшылығы мен білікті мамандардың жетіспеушілігі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Фото: Әсет Темірбаев
