Павлодарда полиция алаяқтар жиі қолданатын фразаларды атады

Павлодарда полиция алаяқтар жиі қолданатын фразаларды атады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары тұрғындар арасында кибералаяқтықтың алдын алу мақсатында ауқымды рейдтер жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары пәтерлерді аралап, қоғамдық орындарда тұрғындарға алаяқтық схемалар мен олардан қорғану жолдарын түсіндіруде. Әсіресе егде жастағы адамдар мен жастарға ерекше көңіл бөлініп, сақтық шаралары жазылған жадынамалар таратылуда.

Полиция подполковнигі Альмира Қасқабаеваның айтуынша, қазіргі таңда алаяқтар үш түрлі тәсілді жиі қолданады.

– «SIM-картаның мерзімі аяқталуда» – байланыс операторының атынан қоңырау шалып, SMS-кодты біліп алу арқылы банк немесе eGov кабинетін бұзады, – деді ол. – Сонымен қатар «Басшыдан хабарлама» айласы жиі кездеседі. Мұнда мессенджерде мекеме басшысының атынан жалған аккаунт ашып, тексеріс туралы ескерту жасайды, содан кейін жалған тергеушіге қосады. Үшіншісі – «Жалған инвестиция». Алаяқтар ұлттық компаниялар мен танымал платформалардың атын жамылып, жоғары табыс уәде етеді.

Тәртіп сақшылары бейтаныс тұлғаларға құпия кодтарды айтпауды, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және кез келген ақпаратты қайта тексеруді сұрайды.