Павлодар халықаралық жас шахматшылар додасының орталығына айналды

Павлодар халықаралық жас шахматшылар додасының орталығына айналды
Фото: автор

Үш елдің спортшылары өзара бақ сынауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2-8 тамыз аралығында Павлодарда «Ертіс өңірі – 2026» халықаралық балалар шахмат турнирі өтуде. Бұл дода – Қазақстан балалар кубогының бесінші кезеңі. Оған еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан келген 6-14 жас аралығындағы 200-ге жуық жас шахматшы қатысуда.

Жарыс екі санат бойынша ұйымдастырылған. «А» тобында 14 жасқа дейінгі, негізінен бірінші және екінші разрядты шахматшылар сынға түссе, «Б» тобында 10 жасқа дейінгі барлық балалар бақ сынайды. Турнирлер швейцар жүйесі бойынша тоғыз турдан өткізіледі. Уақыт бақылауы – классикалық 60+30. Сонымен қатар, өңірлер арасындағы командалық есеп те жүргізіледі. Әр команданың құрамына «А» және «Б» топтарынан бір ұл мен бір қыздан құралған төрт спортшы кіреді.

Жүлде қоры – үш миллион теңге. Әр жас санатында жалпы жеңімпаздармен қатар қыздар арасындағы үздіктер де марапатталады.

Биыл Қазақстан балалар кубогының төрт кезеңі аяқталды. Алғашқысы Шымкентте 411 қатысушымен өтсе, Қызылордада 382, Қостанайда 285, Оралда 214 шахматшы өнер көрсетті. Алтыншы кезең 18-24 тамыз аралығында Алматыда өтеді. Ал финал 1-13 желтоқсанда Астанада ұйымдастырылады.

Қазақстан шахмат федерациясы вице-президенті Марат Есеновтің айтуынша, балалар кубогына қызығушылық жыл сайын артып келеді.

Бұл жарыс жылдан-жылға кең қанат жайып келеді. Бұған дейінгі кезеңдерге 400-ден астам қатысушы жиналса, Павлодарда 200-ге жуық жас шахматшы бақ сынауда. Кубок қорытындысы бойынша үздік ойыншылар ұпай жинап, федерацияның алтын және күміс деңгейдегі қаржылай қолдауына ие болады. Бұл қаражат халықаралық жарыстарға қатысуға және білікті жаттықтырушылармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Марат Есеновтің пікірінше, елімізде шахмат жүйелі түрде дамып келеді. Қазір Қазақстанның 1500 мектебінде шахматтық білім беру бағдарламасы енгізілген. Тамыз айында Алматыда жоғары оқу орындары арасындағы командалық әлем чемпионаты өтсе, қыркүйекте Самарқандта шахмат олимпиадасы ұйымдастырылады.

Турнирге Көкшетаудан келген Злата Макарова да қатысып жатыр. Павлодарда дүниеге келген жас спортшының үшінші разряды бар. Бір жылдың ішінде өз өңірінің чемпионы атанып үлгерген.

Осы жарыста жақсы нәтиже көрсеткім келеді. Қарсыластарым мықты екенін білемін. Турнир алдында аздап қобалжимын, бірақ ойын басталған соң бар назарымды тақтаға аударуға тырысамын, – дейді Злата.

Злата алғашында атасы мен әкесінен шахматтың қыр-сырын үйреніп, кейін онлайн жаттығуларға кіріскен. Қазір оффлайн және онлайн дайындалып, жеке жаттықтырушымен тұрақты жұмыс істейді. Бұған дейін Қостанай мен Павлодардағы жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтаған.

Златаның әжесінің айтуынша, немересінің жетістігі қысқа уақыттың ішінде келген.

Ол шахматпен былтыр шілде айынан бастап айналыса бастады. Алғашқы турнирінде-ақ разряд орындады. Кейін жүлделі орындарға көтеріліп, өз жас санатында Көкшетау өңірінің чемпионы атанды. Бір жылдың ішінде осындай нәтижеге жетуі – үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі, – дейді ол.

Павлодарлық 11 жастағы қатысушы Сұлтан Ерсін де бұл кезеңнің жауапкершілігі жоғары екенін айтады.

Мұнда еліміздің әр өңірінен және басқа мемлекеттерден келген мықты шахматшылар жиналған. Әр партияда мұқият ойнауға тырысамын. Осындай турнирлерде тәжірибе жинап, кейін республикалық және халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткім келеді, – дейді жас шахматшы.

Павлодардағы кезеңде қатысушылар тек жүлделі орындар үшін ғана емес, Қазақстан балалар кубогының финалына жолдама беретін маңызды рейтингтік ұпайлар үшін де тартысқа түсуде.