Павлодарда республикалық стандарт қабылдануына көмектескен аналар марапатталды
Павлодарда «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. Жиын барысында өткен жылдың қорытындылары шығарылып, партиялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды, сондай-ақ азаматтық белсенділердің өңірдің әлеуметтік саласын дамытуға қосқан үлесі атап өтілді.
Өңірлік кеңес төрағасы Света Әбдіраманованың айтуынша, «AMANAT» партиясы қазақстандықтардың ұсыныстары мен сұраныстарына жедел түрде жауап беріп келеді.
- Соңғы екі жылда партия бастамасымен «Қарызсыз қоғам» және «Цифрлық қоғам» сияқты жаңа жобалар енгізілді. Бұл жобалар бүгінде нақты оң нәтижелерін көрсетіп отыр. 2025 жылы Өңірлік кеңес нәтижелі жұмыс атқарды. Жол картасы аясында денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандары пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсету стандартына өзгерістер мен толықтыруларды бекітті, — деді Света Әбдіраманова.
Оның айтуынша, 2025 жылдың желтоқсан айында балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсету стандартының бекітілуі — Өңірлік кеңес мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысының маңызды нәтижесі болды. Аталған стандартқа сәйкес, балаларға паллиативтік медициналық көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі (КТМКК) аясында көрсетіледі.
Сонымен қатар стандартта КТМКК-дан тыс паллиативтік көмек ақылы негізде — ерікті медициналық сақтандыру немесе заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен көрсетілуі мүмкін екені қарастырылған. Паллиативтік көмекке мұқтаж балалар негізгі ауруы бойынша дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен, сондай-ақ ауырсыну мен азапты жеңілдетуге арналған препараттармен қамтамасыз етіледі. Құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік препараттарды тағайындау тәртібі де нақты регламенттелген. Лицензиясы бар дәріханалар жоқ елді мекендерде дәрілік қамтамасыз ету медициналық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
Жиын барысында Өңірлік кеңес төрағасы партиялық бастамаларға белсенді қатысқан азаматтарға алғыс білдіріп, «AMANAT» партиясының жобаларына үлес қосқан серіктестерге, қатысушылар мен қолдаушыларға Алғыс хаттар табыстады.
Марапатталғандар қатарында балаларға паллиативтік көмек көрсету стандартының әзірленуіне елеулі үлес қосқан азаматтық белсенді аналар бар. Олардың қатарында үй жағдайында паллиативтік күтім алатын мүмкіндігі шектеулі баланың анасы, стандарт жобасын әзірлеудің бастамашысы және Өңірлік кеңестің жұмыс тобының мүшесі Гүлзат Ихсанова, мүмкіндігі шектеулі балалардың анасы, жұмыс тобының мүшесі, «Maruv» қайырымдылық қорының жетекшісі Мария Романцова, сондай-ақ Өңірлік кеңес төрағасының орынбасары, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша жұмыс тобының жетекшісі, «Мүгедектер мен қарттарға арналған арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директоры Баян Қожамжарова бар.
Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің жұмысы 2026 жылы да жалғасып, қабылданған шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға және партияның әлеуметтік бастамаларын одан әрі дамытуға бағытталатын болады.