Павлодар облыстық перинаталдық орталығындағы аналар өз таңдауын жасады
Павлодар облысында Құрылтай сайлауында дауыс беру жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін №595 сайлау учаскесінде де дауыс беру өтті. Бұл — уақытша болатын жердегі сайлау учаскесі. Ол Павлодар облыстық перинаталдық орталығының базасында орналасқан. Мұнда жүкті әйелдер мен босанған әйелдер ғана дауыс береді.
Учаске төрайымы Тимербига Нәскенова айтқандай, барлығы 45 сайлаушы тіркелген. Осы уақытқа дейін олардың барлығы өз таңдауын жасап үлгерді. Қазір сайлау учаскесінде дауыстарды санау рәсімі жүріп жатыр. Дауыс беру штаттық режимде өтті. Әйелдер палаталарынан ұйымдасқан түрде төмен түсіп, азаматтық таңдауын жасады.
Әсемгүл Уәлиева үшін бұл күннің маңызы ерекше. Себебі дәл бүгін оның тұңғыш сәбиі дүниеге келді. Жас ана үшін қуанышты сәтпен қатар, ел өміріне қатысты маңызды оқиғаға қатысу да маңызды болды.
- Мен перинаталдық орталықта өз таңдауымды жасадым. Менің ойымша, әйел адам барлық салада белсенді болуы керек: ошақтың сақтаушысы, ана болумен қатар, қоғамдық өмірден де қалыс қалмауы тиіс. Мен ұлымның болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенемін, — деді Әсемгүл Уәлиева.
Осылайша, перинаталдық орталықта жатқан әйелдер де ел болашағына қатысты өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, сайлауға белсенді қатысты.
Өңірде барлығы 522 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 140-ы Павлодар қаласында орналасқан.