Павлодарда самокат пен велосипед мінген балалар саны артуда
Өңірде «Жолдағы балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
3–7 маусым аралығында Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында республикалық «Жолдағы балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Жазғы демалыстың басталуы балалардың қауіпсіздігіне жіті көңіл аударуды талап етеді. Себебі жаз мезгілінің басталуымен самокат, велосипед және басқа да жеке мобильді көлік құралдарын басқаратын балалар саны артты.
Полиция жол қозғалысына қатысушылардың барлығын ережелерді қатаң сақтауға шақырады және ата-аналар мен жүргізушілерге үндеу жолдайды.
— Аула аумақтарында, саябақтарда және жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңында аса мұқият болыңыздар. Самокатпен, велосипедпен, роликпен немесе мопедпен жүрген балалар жолға кенеттен шығып қалуы мүмкін Ал ата-аналар балаларға велосипедпен немесе самокатпен «зебрадан» өтуге қатаң тыйым салыңыздар. Жолды тек жаяу өту қажет, — дейді тәртіп сақшылары.
Полицейлер тұрғындарды жолда абай болуға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – әрқайсымызға байланысты екенін еске салады.