Павлодарда тұруға ниетті шетелдіктерге қойылатын талаптар өзгерді

Павлодарда тұруға ниетті шетелдіктерге қойылатын талаптар өзгерді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Енді олар қазақ тілінде сөйлей алуы керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде көші-қон заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның бірі – шетел азаматтарының елде тұруға рұқсат алу талабы.

Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, подполковник Александр Кузьменконың айтуынша,бұған дейін шетел азаматы Қазақстан аумағына келіп, сотталмағаны туралы анықтама мен өзге де қажетті құжаттарды тапсырып, төлем қабілеттілігін растаса, тұрақты тұруға рұқсат ала алатын.

Қазіргі талап бойынша үміткер алдымен елде кемінде бір жыл уақытша рұқсатпен тұруы тиіс. Бұл негізінен еңбек қызметіне байланысты азаматтарға қатысты. Сонымен қатар, әрбір отбасы мүшесіне шаққандағы ай сайынғы табысы кемінде 85 мың теңге болуы қажет. Бұрын мұндай қаржылық талап қарастырылмаған. Бұл өзгерістердің барлығы пилоттық жоба аясында жүзеге асуда, – деді ол.

Төлем қабілеттілгін растау тәртібі де өзгерген. Енді шетел азаматы 1320 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражатты, яғни қазіргі есеппен 5 миллион 709 мың теңгені есепшотына орналастырған жағдайда, бұл қаражат бес жыл бойы сақталуы керек. Осы кезең ішінде көші-қон қызметінің мамандары есепшоттағы қаражаттың сақталуын жыл сайын тексеруге құқылы.

Жаңа тәртіпке сәйкес, тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін азаматтар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін дәлелдеуі қажет. Үміткерлер арнайы тест тапсырып, миграция индексі кестесін толтырады. Онда олардың білімі, кәсіби тәжірибесі, әлеуметтік жағдайы, отбасылық мәртебесі және қаржылық мүмкіндігі бағаланады.

Тест тапсыруға үш мүмкіндік беріледі. Егер азамат белгіленген талаптардан өте алмаса, келесі жылы қайта өтініш бере алады. Алайда ол уақытқа дейін Қазақстан аумағында уақытша тұруға рұқсаты болуы міндетті, – деді Александр Кузьменко.

Қазіргі уақытта жаңа талаптар бойынша өтініш берушілер саны көп емес. Өңірде әзірге өтініш саны 50-ден аспады.

Соған қарамастан көші-қон қызметі бұл өзгерістердің оң нәтиже беретінін атап өтеді. Жаңа талаптар Қазақстанға келетін азаматтардың мемлекеттік тілді, мәдениетті және заңнаманы жақсы меңгеруіне мүмкіндік бермек.