Павлодарда сарапшылар қардың сынамасын зертханалық талдауға алды

Павлодарда сарапшылар қардың сынамасын зертханалық талдауға алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде сынапқа мониторинг жасау басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіптік аймағы ауданында  жыл сайын сынап мониторингін өткізуде. 

– 13-14 наурызда «GIO TRADE» ЖШС мердігерлік ұйымының сарапшылары зертханада талдау үшін жерасты ұңғымаларынан 10 қар мен 16 су сынамасын алды, – деді басқармада. 

Сонымен қатар, жыл бойы сынаптың ластану ошақтарынан атмосфералық ауаның, топырақтың, жер асты және жер үсті суларының сынамалары алынады.

– Былқылдақ көлінің аумағында жергілікті фауна да зерттелуде. Мамандар ауланған балықтар мен суда жүзетін құстардың сынаппен ластануын тексереді, – делінген хабарламада. 

Айта кету керек, Павлодардың солтүстік өнеркәсіптік аумағында және Былқылдақ көлі ауданында бақылау ұңғымаларын қалпына келтіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде: бетон негізі мен құлыптары бар металл қақпақтар сырланады, таңбаланады, орнатылады.

Фото: Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы ұсынды.