Баянауылда көлдердің жай-күйі мен туристік маусымға дайындық талқыланды

Баянауылда көлдердің жай-күйі мен туристік маусымға дайындық талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Отырыста Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің экологиялық жағдайы сөз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданында «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы Экология мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің көшпелі отырысы өтті.

Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен бейінді ведомстволардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар және экология саласының мамандары қатысты.

– Отырыста Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің экологиялық жағдайы егжей-тегжейлі талқыланды. Қатысушылар су сапасына бақылауды күшейту, табиғи экожүйені ластанудан қорғау және өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтау мәселелеріне назар аударды, – деді партияның баспасөз қызметі.

Кездесуде Баянауыл ауданын 2026 жылғы жазғы туристік маусымға дайындау барысы да қаралды. Мамандар туристік аймақтардың санитарлық жағдайын, инфрақұрылымның дайындығы мен қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Қатысушылардың айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – табиғатқа зиян келтірмей, туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыру.

Отырыс қорытындысы бойынша экологиялық бақылауды күшейтуге, Баянауылдың табиғи ресурстарын сақтауға және туристік инфрақұрылым сапасын арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірленді.