Павлодарда «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысы аяқталады
Аталған шағын аудан 3500 пәтерлік 42 көпқабатты үйден тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сәтбаев мәлім етті.
- Биыл «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысын аяқтаймыз. Аталған шағын аудан 3500 пәтерлік 42 көпқабатты үйден тұрады. Сондай-ақ, «Достық» шағын ауданының құрылысы белсенді жүргізілуде. Бұл аудан 906 пәтерге арналған, – дейді Азат Сәтбаев.
Оның айтуынша, соңғы жеті жылда 2 миллионнан астам шаршы метр қолданысқа берілген. Тұрғын үй құрылысының 60% облыс орталығына тиесілі.
Биыл облыс бойынша 146,3 мың шаршы метр, яғни, 2148 пәтерге арналған 20 үйдің құрылысы жүргізілуде. Ақсу қаласында 522 пәтерге арналған құрылыс жүргізілуде және 306 үй қолданысқа беріледі. Ал Екібастұз қаласында бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 13 мың шаршы метр, 252 пәтерлік үш үйдің құрылысы жүргізілуде. үш үй бой көтеруде. Оның ішінде 144 пәтерлік екі үй 2023 жылы қолданысқа енгізіледі.
Айта кету керек, биыл өңірде 20 үйдің құрылысы жүргізілуде, 17 үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.