Павлодарлық «Атамекенде» жер көлеміне шектеу қою мәселесі көтерілді

Павлодарлық «Атамекенде» жер көлеміне шектеу қою мәселесі көтерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Фермерлер қолданыстағы шекті көлем нормасын өзгерту қажет деп санайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің бір қолға тіркелетін шекті мөлшерін қайта қарау мәселесі талқыланды.

Кеңесті Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев пен кеңес төрағасы Амангелді Бейсембинов өткізді. Жиын барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов шекті көлем нормасы жаңа талап емес екенін атап өтті.

– Бұл норма Қазақстанның Жер кодексінде бекітілген және 2022 жылы Үкімет қаулысымен нақты өлшемдер анықталды. Әрбір аудан осы әдістемеге сүйене отырып, шекті көлемді есептеп шығарды. Біз бұл мәселені 2024 жылы көтердік, кейін депутаттар арқылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Жер ресурстарын басқару комитетіне осы әдістемені алып тастау немесе оған өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жолданды, – деді Мұрат Хамитов.

Шаруалар бұл шектеу суармалы егіншілікке көшуді тежеп отырғанын айтты. Мәселен, Аққулы ауданындағы бір шаруа қожалығы қазіргі 1600 гектардың шектеуі аясында егістік көлемін арттыра алмай отыр. Ал қолда бар жобалар мен инвестициялар 4000 гектарға дейін суармалы егістік алқабын қажет етеді.

– Шаруа өз жерін суармалы егіншілікке ауыстыруға дайын, бірақ шектеу талаптарына байланысты рұқсат берілмейді. Бұл бизнесті дамытуға тосқауыл болып отыр, – деп қосты басқарма басшысы.

Жиын барысында сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін «Кең дала – 1» және «Кең дала – 2» бағдарламалары арқылы несие бөлу мәселесі де талқыланды.

Шаруалар мен мамандар шекті көлем нормасына салық салу және жерді тиімді пайдалану тұрғысынан да баға беріп, өз ұсыныстарын білдірді.