Павлодар облысында жұмыртқа мен пияз қымбаттады
Өңірлік статистика департаменті 2022 жылғы қарашадағы тұтыну бағаларының индексі туралы деректерді ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, азық-түлік тауарлары тобында нан өнімдері мен жарма бағасының 2%-ға, оның ішінде макарон өнімдері 2,6%-ға, нан 1,3%-ға қымбаттауы байқалды.
– Ет бағасы 0,8%-ға, оның ішінде жылқы еті 1,8%-ға, шошқа еті – 1,4%-ға, сиыр еті – 0,7%-ға, балық және теңіз өнімдері 4,6%-ға қымбаттады. Тауық жұмыртқа бағасы 11,9%-ға, сүт өнімдері – 1,5%-ға, майлар және тоң майлар – 0,8%-ға өсті, – дейді департаментте.
Көкөністер және жемістердің ішінде пияз бағасының 12,7%-ға, қызылша – 5,8%-ға, банан – 5,3%-ға, қырыққабат – 2,9%-ға, картоп – 1,3%-ға, сәбіз – 0,8%-ға өсуі байқалды. Алкогольды сусындар және темекі өнімдері 1,1%-ға қымбаттады.
Азық-түлік емес тауарлары бойынша дизель отыны 30,2%-ға, қатты отын – 6,9%-ға, жуғыш және тазалағыш құралдар – 2%-ға, киім және аяқ киімдері – 1%-ға, фармацевтикалық өнімдері 0,2%-ға қымбаттады.
Ақылы қызметтер көрсету саласында шаштараз қызметтері 3,1%-ға, қоғамдық жерлерде тамақтану қызметтері – 2%-ға, көлік қызметтері – 1,8%-ға, амбулаториялық қызметтер 1,7%-ға, жылу беру маусымы басталуына байланысты ыстық сумен жабдықтау тарифі 9,1%-ға өсті.