Павлодарда шалғай ауылдар ұстаздарының еңбегі еленді

Павлодарда шалғай ауылдар ұстаздарының еңбегі еленді

Өз кезегінде, мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалында өткен «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» атты форумның жұмысын облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова бастады. Ол биыл тұңғыш рет Ұстаздар күнінің Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілгенін атап өтті.  

- Павлодар облысының білім беру сапасы елімізде алдынғы қатарлы болып есептелетінін мақтанышпен айтамыз. Оқушыларымыздың талай жетістіктерінің куәсі болып жүрміз. Оның бәрі ардақты ұстаздарымыздың тікелей еңбегі. 5 қазан Павлодар ұстаздары үшін ерекше мереке. Тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Павлодар облысына ресми сапары кезінде мұғалімдер мен оқушылар қауымымен кездесіп, ұстаз мәртебесін көтеру мәселесін көтерген болатын. Енді, міне, осы күн Ұстаздар күні болып бекітілді, - дейді Айзада Құрманова.

Облысымыздың түкпір-түкпірлерінен келген мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен партия облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова және облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина құттықтады. 

Өз кезегінде, ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, қазіргі заманда жас мұғалімдердің рөлі мен мақсаттары туралы №34 мектептің қазақ тілі мұғалімі Нұрлан Абдолла әңгімеледі.

Жас маман Түркістан облысынан «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, Павлодар мұғалімдеріне тән қатаң тәртіп, нақтылық пен жүйелілік қағидаларын бойына сіңіре білді.

- Әрбір ұстаздың, әрбір жас ұстаздың туындыратын бір сұрақ – бұл әрине - осы ұлы қызметке лайықты болу үшін не істеу керек? болашақта не істеу керек? Бірінішіден, өзімізден бастауымыз керек. Мен де осы жолға түскенде көп қиыншылықтарды көрдім. Нақтылық, қаталдық және жүйелік – әр ұстаздың бойында болу керек, - дейді жас мұғалім.

Білім беру саласына үлес қосқан педагогтар «AMANAT» партиясының Орталық аппараты, облыстық мәслихат пен партияның облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Партиялықтар педагогикаға өзіндік үлес қосқан облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова мен облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның еңбегін ерекше атап өтуді де ұмытпады.

Салтанатты рәсім мерекелік концертке ұласты.

Айта кетейік, облысымызда 30 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.

Фото: автор