Екібастұздық педагог қазақ тілді білу деңгейі бойынша өңірде үздік атанды

Екібастұздық педагог қазақ тілді білу деңгейі бойынша өңірде үздік атанды
Фото: Екібастұз қалалық білім бөлімі

Ол соңғы он жылын педагогика саласына арнап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

№35 мектеп-гимназиясының мұғалімі – Виктория Кожамбердина қазақ тіліне деген өзінің махаббаты мен сүйіспеншілігін дәлелдеді. Педагог орыс ұлтының өкілі болса да, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ұлттық аспап – домбыраны насихаттап жүрген жандардың бірі. 

Ол облыс орталығы – Павлодар қаласында өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген «Жүзден жүйрік» конкурсында Екібастұз намысын қорғап, бірінші жүлделі орынға қол жеткізді. 

Конкурста өңіріміздің 15 ауданынан келген 13 қатысушы бақ сынасты. Байқау кезеңдері оңай болған жоқ: өзін-өзі таныстыру, танымал ақындардың қазақ тіліндегі поэзиялық шығармасын жатқа оқу, қоржыннан түскен тапсырманы орындау, экранда көрсетілген мәтін, картина немесе видеоның мазмұнын қазақ тілінде толық ашу. Екібастұздық мұғалім әзірленген барлық тапсырмалардан сүрінбей өтіп, диплом мен ақшалай сыйлықпен марапатталды. 

Виктория Николаевнаның айтуынша, ең бастысы – марапат пен даңқ емес, оның алдына келетін оқушыларының құрметі мен сенімі артық. 

– Қазақ тілі – оқу кестесіндегі пән ғана емес, бұл – менің өмірімнің бір бөлігі. Қазақ тілі мен үшін мәдениетіміздің бай әлемін ашқан қасиет, – дейді ұстаз.

Айта кетейік, Виктория Кожамбердина Екібастұз қаласының мемлекеттік тілді дамыту саласында осымен 25 жыл бойы еңбек етіп келеді.