Доп ойнаған... Павлодарда ерекше балаларды сауықтырудың әдістемесі әзір

Доп ойнаған... Павлодарда ерекше балаларды сауықтырудың әдістемесі әзір
Фото: Жанбота Қайролланың жеке архивінен

Авторлық еңбек ұзақ мерзімді тәжірибелер нәтижесінде дүниеге келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Менталдық ауытқулары бар оқушыларға арналған жаңашыл әдістеменің негізінде доп жатыр, авторы – Павлодар технологиялық колледжінің дене шынықтыру мұғалімі Жанбота Қайролла.

- Инновациялық құрал ерекше балаларға арналған арнайы доп. Доп 700-1000 грамм құм және кішкентай қоңыраулардан тұрады. Оның салмағы адамның жас ерекшеліктері мен физикалық қабілеттеріне қарай өзгереді. Доп координация, сенсорлық қабілеттер және физикалық белсенділікті арттыруға арналған. Арнайы әзірленген әдістемелік нұқсаулықта моторика, есту қабілеті мен бұлшықеттерді дамытуға және әлеуметтік интеграциялауға арналған жаттығулар көрсетілген, - дейді Жанбота Қайролла. 

Әдістеме ерекше балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге, бейіндік тәрбие беретін мамандар және емдік дене шынықтырумен айналысатын нұсқаушыларға таптырмас құрал. Оқулық қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.

Ерекше балаларға арналған допты ойлап табу тарихы да қызық. Автор жұмыстан кейін өз екі жасар баласымен сылдырмақ ойнап отырып, сәбидің дыбыстарға ерекше назар аударатынын байқаған. Содан колледжде оқитын ерекше оқушыларға арнайы доп әзерлеу идеясы келген болатын.

- Оқушылар бірден допқа ықыласы ауып, жаттығуларды зор ынтамен жасай бастады. Сол доппен жаттығулар ойластырылып, арнайы әдістемелік нұсқаулықта толықтырылып жазыла бастады. Әрине, оның барлығы ерекше балалармен жақын қатынас тәжірибесінің барысында, олардың қабілеттерімен таныса келе арнайы доп пен әдістемелік нұсқаулық дүниеге келді, - дейді автор.

Аталмыш туынды «Өрлеу» педагог мамандардың біліктілігін арттыру орталығының облыстық «Педагогикалық идеялар панорамасы 2024» конкурсында жеңіске жетті. Сол арқылы ерекше доп республикалық сынға жолдама алып, онда жүлделі үшінші орынды иеленді. Онымен қоймай Жанбота Қайролла YouTube негізінде адаптивті физикалық жаттығуларды ұсынатын онлайн-платформа ашқан.

- Мұнда балаларға, ата-аналарға, дене шынықтыру мұғалімдеріне және адаптивті, емдік дене шынықтыру нұсқаушыларына арналған пайдалы әрі қолжетімді жаттығулар көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – әр баланың физикалық дамуын қолдап, оларға арнап дайындалған жаттығуларды баршаға қолжетімді ету. Әрбір бейне қазақ тілінде түсіндіріледі, бұл ата-аналар мен мамандарға өз тілінде қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді, - дейді Жанбота Қайролла.

Қазіргі уақытта Жанбота Қайролла әріптесі Рамиль Хисматуллинмен бірлесіп «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы инклюзивті топтарда дене тәрбиесін ұйымдастыру» атты оқу құралын дайындау үстінде.

Аталған оқу құралы Марғұлан университеті өткізген «Инклюзивті білім беру кеңістігін құру қағидаттары мен шарттары» атты III Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Жанбота Қайролла мен Рамиль Абдрахманович облыстық деңгейде осы оқу құралын таныстырып, өзінің тәжірибесімен бөлісті.

Еңбекте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаттығулар олардың болашақ мамандықтарына сай бейімделіп жасалған. Бұл әдістемелік құрал олардың кәсіби дағдыларды игеруіне және болашақ мамандықтарын меңгеруіне үлкен көмек көрсетеді.