Павлодарда тәттіқұмар ұры ұсталды
Ол 12 банка шоколад пастасын ұрлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрлықтың ең көп таралған түрлерінің бірі – дүкен ұрлығы. Өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бойынша жұмыс істейтін сауда мекемелері көбінесе жосықсыз сатып алушылардың құрбаны болады.
– Полицияға Бұқар жырау көшесіндегі супермаркеттердің бірінде шоколадты паста банкасы витринадан жоғалып кеткеннен кейін дүкен менеджері жүгінді. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар ұрлау сәтін тіркеді. Кадрларда ер адамның тәттілер тұрған сөренің жанын айналып жүргенін көруге болады, – дейді департаментте.
Содан кейін ол ыңғайлы сәтті тауып, сөреден бір банка тәтті пастаны алып, пакетке салған да төлем процедурасын елемей, дүкеннен шығып кеткен.
Ол екі күн ішінде кассадан 12 банка тәтті алып шыққан.
Полиция күдіктінің жеке басын анықтады. Ұсталған адам шоколадты өзі жегенін мойындады.
Ұсақ ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.