Павлодар жастары Тобылжан көлінің қызықты тарихымен танысты

Павлодар жастары Тобылжан көлінің қызықты тарихымен танысты
Фото: автор

Сапар қатысушыларға өлкені жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы Успен ауданында «Тарихтың ізімен» жобасы аясында танымдық сапар ұйымдастырды. Бағдарламаға қатысқан жастар ауданның тарихи-мәдени нысандарын аралап, туған өлкенің өткені жайлы жаңа деректерге қанықты.

Сапар Успен аудандық тарихи-өлкетану мұражайынан басталды. Қатысушылар экспозициялармен танысып, ауданның қалыптасу кезеңдері туралы мәлімет алды. Бұдан кейін ауылдың орталық алаңына, спорт алаңына және басқа да көрікті нысандарға ат басын бұрды.

Успен ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сәкен Ибрагимовтың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың туған жерге деген қызығушылығын арттырып, тарихи танымын кеңейтуге ықпал етеді.

– Әрбір жас өз тарихын, тарихи орындарын біліп өсуі керек. Біздің өңір де тарихтан кенде емес. Мұнда ауыл шаруашылығы, егін және мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Жастарды сол еңбек адамдарымен таныстырып, ауданның ерекшелігімен таныстыру маңызды болмақ. Болашақта осы жерден өз орнын тауып, елді мекеннің дамуына қызмет ететін жастар болса, біз қуаныштымыз. Қонақтарға есігіміз әрқашан ашық, – деді бас маман.

Бағдарламаға ауданның тарихи нысандарымен бірге жергілікті шаруашылықтарға бару да енгізілген. Ұйымдастырушылар жас буынға өңірдегі еңбек дәстүрі мен ауыл шаруашылығының даму ерекшеліктерін таныстыруды көздеді.

Күннің екінші бөлігінде қатысушылар Тобылжан ауылы маңындағы тарихи тұз өндірілген аумаққа барды. Кеңес дәуірінде бұл жер Павлодар облысына ғана емес, республикаға да танымал болған. Бүгінде мұндағы судың күлгін реңге енуі келушілердің назарын аударуда. Жастарға нысанның өткені жөнінде жергілікті тұрғындар мен аға буын өкілдері әңгімелеп берді.

Жобаға қатысушы Жамиля Бұланбаеваның сөзінше, сапар туған өлкені жаңа қырынан тануға жол ашқан.

– Сапар барысында туған өлкеміздің тарихымен жақынырақ танысып, тарихи құндылықтары мен мәдени мұралары туралы толық мағлұмат алдық. Осындай тағылымды сапарлар жастардың тарихи санасын қалыптастырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады, – деді қатысушы.

Ол ұйымдастырушыларға бағдарламаны мазмұнды өткізіп, жол жүру, тамақтану және қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз еткені үшін алғысын білдірді.

«Тарихтың ізімен» жобасы жас буынның тарихи орындарға қызығушылығын арттырып қана қоймай, өңірдің мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Жоба аясындағы кездесулер мен сапарлар арқылы қатысушылар туған өлкенің өткенін зерделеп, оның болашағына үлес қосуға қажетті мүмкіндіктермен танысады.

Еске сала кетейік, бұған дейін жоба қатысушылары өңіріміздің көрікті әрі қасиетті орындарына саяхаттаған болатын. Олар Баянауыл ауданындағы туристік нысандарды аралап, Шарбақты мен Екібастұз бағыттарында тарихи-өлкетану музейлеріне барды. Аққулы ауданында Мерғалым ата кесенесін тамашаласа, Ертіс ауданында Таймас әулие кесенесіне ат басын бұрды. Экспедиция аясындағы сапарлар алты бағыт бойынша жалғасып, жастарға өңірдің әр ауданындағы табиғи, мәдени және тарихи нысандарды кеңінен тануға мүмкіндік берді.