Павлодарда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған театрландырылған көрме ашылады

Павлодарда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған театрландырылған көрме ашылады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Инсталляциялық композициялар арқылы еліміздің тарихи мұрасы, ұлттық болмысы, мәдениеті мен рухани құндылықтары бейнеленеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

30 қараша күні сағат 11:00-де Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Қазақстан кеше және бүгін» атты инсталляциялық театрландырылған көрменің ашылуы өтеді.

Мәдени іс-шараның мақсаты – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи қалыптасу жолын, мемлекет өміріндегі маңызды өзгерістер мен жетістіктерді таныстыру. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру көзделген.

Көрме экспозициясында Қазақстанның өткені мен бүгіні өзара сабақтастықта көрсетіледі. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігіне дейінгі тарихи кезеңдерге де шолу жасалады. Келушілер назарына бұған дейін көпшілікке ұсынылмаған тың жәдігерлер қойылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме келушілерге Қазақстанның тарихи жолын танып, тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістерді мәдени-танымдық форматта зерделеуге мүмкіндік береді.