Павлодарда уақытша нөмір алған жүргізушілер шет елге шығарда нені ескеруі тиіс?

Павлодарда уақытша нөмір алған жүргізушілер шет елге шығарда нені ескеруі тиіс?
Фото: Константин Шелков

Шекарадан шығуға ниеті бар жүргізушілерге көліктің ескі құжаттарын қайтарып алуға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Алимбаев мәлім етті. 

– Уақытша мемлекеттік нөмірлер өтініштері қабылданбаған, яғни, құжаттары дұрыс емес немесе шет елдегі тіркеуден шықпаған көліктерге беріледі. Бұл көлікің иелеріне мемлекет 5 жыл уақыт мерзім берді. Осы уақыт аралығында көлік иесі барлық мәселені жойып, мемлекеттік нөмірді алуға өтініш беруі қажет, – дейді Борис Алимбаев. 

Спикердің айтуынша, мұндай көлік иелері шекара сыртына шыға алмайды. Ал шығу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ескі құжаттары мен нөмірін алып кете алады.  

Айта кету керек, өтініш беріп үлгермеген жүргізушілер сақтандыру полисінің мерзімі аяқталғанға дейін көлікті жүргізе алады. Мерзімі аяқталған соң көлік иелеріне ескерту беріледі. Ал келесі жағдайда көлік айып тұрағына алынады. Жол-көлік ережесі бойынша бұл көліктерді сақтандырусыз тізгіндеуге тыйым салынған.