Павлодар облысында көшіп келушілерге үй сатып алуға сертификат берілді
280-нен астам қоныс аударушы отбасылар экономикалық ұтқырлық сертификаттарын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында ішкі қоныс аударушылар үшін жаңа тетік – тұрғын үй сатып алу үшін материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаты (сертификат) енгізілді. Сертификат бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына төрт млн теңгеге дейін беріледі.
– Облысымызда 2023-2024 жылда көшіп келген қандастармен қоныс аударушылардың әлеуметтік келісім шартты талаптарын сақтау бойынша мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі күнде шығу жұмыстары Аққулы, Железин, Ақтоғай, Ертіс және Шарбакты аудандарына жүргізілді. Аталған аудандарда 298 адамның қоныстану өңірінен өз бетінше шығып кеткені анықталды. 157 адамға төленген қаражатты қайтару туралы хабарламалар жіберілді, қалған бағдарлама қатысушыларына қаражатты қайтару туралы жұмыстар жүргізілетін болады, – дейді Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.
Сондай-ақ, қоныс аудару бағдарламасына Әлеуметтік кодекстің 112-бабының 1 тармағына сәйкес, жұмыс іздеуші, жұмыссыз ретінде тіркелеген және қандастар мәртебесі бар азаматтар мен жұмыс берушілердің қатысу мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына экономикалық ұтқырлық сертификатын беру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.
Экономикалық ұтқырлық сертификатын алуға өтініш келіп түскеннен кейін, Мансап орталығының мамандары сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі туралы ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығын, сондай-ақ мұқият және толық тексеру үшін қосымша салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізетін болады.