Асайын Байханов дарынды балалармен кездесті
Кездесу жанды форматта «Батыр Молл» СОО-да өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі Халықаралық балаларды қорғау күні аймақ басшысы Асайын Байханов өзін-өзі басқару көшбасшыларымен, волонтерлармен және бизнес-жобалардың жүлдегерлері атанған оқушылармен кездесті.
Аймақ басшысы балаларды 1 маусым мерекесімен құттықтап, Павлодар облысы жас таланттарға бай екенін жеткізді.
– Біз сіздерден серпінді инновациялық жобалар жасап, қоғамымызды дамытуға үлес қосатын болашақ ғалымдар, IT - мамандары, энергетиктер, аграршылар, сәулетшілер шығады деп сенеміз, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімімен жүздесу барысында балалар өздерінің жетістіктерімен, хоббилерімен, болашаққа құрған жоспарларымен бөлісті. Олардың ішінде Жан Бейсекеев – телеграмда мектеп оқушыларына арналған чат-ботты әзірлеуші, Мерей Халел – мектеп президенті, «Ұшқан ұя» волонтерлер клубының басшысы, Нұрәлі Оспан – Real Sporting De Gijon испан клубының үздік қорғаушысы және Қазақстанның топ 100 жас футболшысының қатарына кіреді, Райымбек Асылбек – «Көкпар», «Бәйге» қатысушысы, Санжар Досов – акваробот жасаған өнертапқыш, Минель Иманғалиева – Әбіш Кекілбаев пен Шоқан Уәлихановқа арналған сайттарды жасаушы, Людмила Браун – «Жас құтқарушы» оқушылар құтқару жасағының командирі бар.
Кездесу форматы балаларға облыс әкімінің жеке тұлға болып қалыптасуы – адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуға не көмектеседі, мектеп өміріндегі есте қаларлық оқиғалар, түлекке қандай кеңес беруге болады және үш негізгі құндылық туралы білуге мүмкіндік берді.
Аймақ басшысы өзінің өмір жолы: мектепте техникалық пәндерге деген құштарлығы, неміс халықаралық банк холдингіндегі жұмыс тәжірибесі туралы айтты.
Кездесу соңында Асайын Байханов барлық балаларға табыс, белсенді және қызықты демалыс тіледі.
Фото: Валерий Бугаев