Павлодарда заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау бойынша рейдтер басталды
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында күнделікті тексерістер жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаменті мен Жер қойнауын пайдалану басқармасы бірлесіп, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтауға кірісті. 6 сәуірден басталған рейдтік шаралар барысында Павлодар қаласының аумағында қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтары заңсыз тасталған бірнеше нүкте анықталды.
Экологиялық кодекстің 365-бабына сәйкес, коммуналдық қалдықтарды басқару және реттеу тікелей жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Осыған байланысты, анықталған заңсыз үйінділер туралы барлық ақпарат тиісті шаралар қолдану үшін қалалық әкімдікке жолданды.
Қазіргі уақытта мамандар қоқыс полигондарын жою және алдағы уақытта мұндай фактілердің қайталанбауы үшін бақылауды күшейту мәселесін пысықтап жатқандығын хабарлады. Рейдтік іс-шаралар облыс көлемінде күнделікті негізде жалғасады.