Павлодарлық еріктілер қаңғыбас жануарларға арналған панажай салуға қаражат жинауда
Болашақ нысанға шамамен 300 жануарды орналастыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Зооқорғаушылар арнайы акция жариялады. Қайырымдылық шарасының идеясы қарапайым – қажетті мөлшердегі кірпішті жинау. Жиналған әр кірпіш біртіндеп иттер мен мысықтарға арналған болашақ үйдің қабырғасын құрайды. Еріктілер жануарлар жайлы жағдайда болып, қажетті көмек пен қамқорлық ала алатын орын құруды көздейді.
«Вместе. Помощь бездомным животным» қорының жетекшісі Александра Старинаның айтуынша, ең алдымен стационар салу жоспарланып отыр.
– Біз қабырғаға қанша кірпіш қажет екенін есептедік. Екі мыңнан астам кірпіш керек екен. Акция адамдарға түсінікті әрі қолжетімді болғанын қаладық. Бір нәрседен бастау керек қой. Сондықтан кірпіштен бастауды жөн көрдік. Адамдар да бастамамызды жылы қабылдады, – дейді Александра Старина.
Құрылыс тек қабырға тұрғызумен шектелмейді. Іргетас қаланғаннан кейін ғимаратты әрлеу, электр желісі мен су тарту жұмыстары жүргізілуі керек. Ал әзірге басты міндет – алғашқы қадам жасап, болашақ нысанның негізін қалау.
Құрылысқа қаражат жинау жалғасып жатыр. Еріктілер жануарларға да, оларға күтім жасайтын адамдарға да қолайлы заманауи орын құруды жоспарлап отыр.
– Павлодар қаласының әкімдігі бізге үлкен көмек көрсетті. Арнайы техниканың көмегімен учаскедегі қоқысты шығарды. Іргетасқа арналған шұңқыр қазу үшін экскаватор бөлінді. Енді біздің басты міндетіміз – акция аясында блоктар сатып алып, іргетасын қалау. Ол үшін қиыршық тас пен құм да қажет, – деді Александра Старина.
Болашақ нысан Шығыс өнеркәсіптік аймағында орналасады. Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін жануарларды қорғаушыларға әлі де жанашыр жандардың көмегі қажет.
Қазір еріктілер Павлодардағы төрт жерде 300-ден астам қаңғыбас ит пен 90 мысыққа қамқорлық көрсетіп отыр. Негізгі уақытша паналау орнында 70-тен астам ит пен 32 мысық бар.
Жануарларды қорғаушылар көмектесетін жануарлардың арасында асыл тұқымды иттер де аз емес. Олардың қатарында тазы, хаски және аңшылық тұқымдарға жататын иттер кездеседі. Халықаралық деңгейде Қазақстанның ұлттық мұрасы ретінде мойындалған тазы да кейде көшеде қалады. Оның жылдамдығы мен иісшілдігі бүкіл әлемде бағаланады. Алайда мұндай иттер де адамның жауапсыздығынан баспанасыз қалуы мүмкін.
Чиптеу, дұрыс күтім мен назар аудару көптеген жануардың көшеге шығуына жол бермей, қажет болған жағдайда иесіне дер кезінде қайтаруға мүмкіндік берер еді. Үй жануарын қолға үйретіп, асырау жауапкершілігі әрдайым адамның мойнында қалады.
Зооқорғаушылар асыл тұқымды иттердің баспанасыз қалуына бірнеше себеп бар екенін айтады. Олардың қатарында иелерінің жауапсыздығы, жеке секторда иттерді қараусыз серуендету және қажетсіз күшіктердің дүниеге келуі бар. Кейде отбасындағы жағдайды көшу, үй мүшелерінің жануар жүніне аллергиясы немесе үй жануарына күтім жасауға уақыттың болмауы қиындатады. Соның салдарынан бір кездері отбасының бір мүшесі болған жануар қараусыз қалады.
Болашақ паналау орны осындай жануарларға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін орынға айналуы тиіс. Ал әзірге бұл үлкен үй әр адам қоса алатын кішкентай «кірпіштен» басталады.