Павлодарда сұрыпталған қалдықтарды Ертіспен тасымалдау ұсынылды

Павлодарда сұрыпталған қалдықтарды Ертіспен тасымалдау ұсынылды
Фото: pexels.com / Radik 2707

Өзен бойындағы аудандарда арнайы базалар құрып, қалдықтарды баржамен қайта өңдеу орындарына жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумында Waste Management Holding ЖШС құрылтайшысы Шыңғыс Кусегенов «Ертіс – көлік-логистикалық және экологиялық дәліз» жобасын ұсынды. Оның негізгі мақсаты – өзен бойында өндірістік және экологиялық логистиканы бір жүйеге біріктіру.

Бастаманың бір бағыты Павлодар – Омбы тұрақты трансшекаралық өзен маршрутын құруға қатысты. Алайда автор бұл бағытты тек екі қала арасындағы қатынаспен шектемеуді ұсынды. Маршрут Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан Павлодар арқылы Омбыға, одан әрі Ханты-Мансий автономиялық округіне дейін жалғасуы мүмкін.

Жоба автомобиль және теміржол көлігімен де байланыстырылмақ. Шыңғыс Кусегеновтің пікірінше, жүктің бір бөлігін су көлігіне ауыстыру қолданыстағы жолдарға түсетін салмақты азайтып, экспорт пен импортқа қосымша мүмкіндік береді.

Форумда осы логистикалық жүйені қалдықтарды басқаруға да пайдалану ұсынылды. Ол үшін Ертіс бойындағы елді мекендерде қалдықтарды қабылдайтын және сұрыптайтын базалар құру қарастырылған.

– Ертіс экологиялық логистиканың трансшекаралық жүйесіне негіз бола алады. Өзен бойында сұрыптау базаларын құруды ұсынамыз. Оларға жағалаудағы аудандардан қалдықтар жеткізіліп, сұрыпталғаннан кейін қайталама шикізат пен қалған фракция баржалармен қайта өңдеу нысандарына тасымалдана алады, – деді Шыңғыс Кусегенов.

Осылайша ұсынылған жүйе бірнеше кезеңнен тұрады: қалдықтарды жинау, сұрыптау, өзен арқылы тасымалдау және қайта өңдеу.

Жоба авторының айтуынша, мұндай тәсіл қалдықтарды полигондарға көмуді азайтуға, заңсыз қоқыс орындарының санын қысқартуға және қайталама шикізатты көбірек пайдалануға мүмкіндік береді. Сұрыптау нысандарын тек облыс орталықтарында емес, шалғай аудандарда да орналастыру ұсынылды.

Шыңғыс Кусегенов форумда компанияның Павлодар облысында алғашқы сұрыптау желісінің құрылысын биыл аяқтауды жоспарлап отырғанын да айтты. Жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

– Нәтижесінде біртұтас тізбек қалыптасады: жинау, сұрыптау, өзен арқылы тасымалдау және қайта өңдеу. Бұл қалдықтарды көму көлемін азайтып, қайта өңдеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді жоба авторы.

Бастаманы жүзеге асыру үшін Ертіс бойындағы қалдықтарды басқаруға арналған жеке мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ұсынылды. Waste Management Holding өкілі Ресей өңірлеріне де осындай шараларды қарастырып, екі елдің тәсілдерін өзара үйлестіруді ұсынды.