Павлодарда заңсыз көлік басқару тыйылмай тұр
Куәліксіз және санатсыз көлік басқаратын жүргізушілер бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар полицейлері қала жолдарында да, қоғамдық орындарда да заңдылықтың сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Сондықтан ешбір құқық бұзушылық жазасыз қалмайды.
– Мәселен, Павлодар – Қызылорда автожолында патрульдік полиция қызметкерлері «Lada» автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Тағы бір жағдайда Омск – Майқапшағай автожолында «Газель» көлігінің жүргізушісі тиісті санаты болмай, көлік басқарған, - деді облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері тәртіп сақшылары жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарудың 1718 дерегін анықтаған.