Павлодарда цифрлық нотариат пен онлайн кеңес беру дамып келеді

Павлодарда цифрлық нотариат пен онлайн кеңес беру дамып келеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде құқықтық қызметке қолжетімділік артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында көрсетілген қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіп, азаматтар үшін қолжетімділік айтарлықтай артқан. 

Павлодар облысы Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Айдын Саменқұлов баспасөз конференциясында саладағы негізгі нәтижелер мен жаңа жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, «Digital Justice» жобалар портфелі азаматтарға қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және процестерді жеңілдетуге бағытталған.

- Біздің басты мақсатымыз - азаматтарға заң көмегін барынша қолжетімді ету. Цифрлық жүйелер уақытты үнемдеп қана қоймай, адами факторды азайтып, ашықтықты қамтамасыз етеді. 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы тұрғындар онлайн құқықтық кеңес ала алады. Ал «ZanKomegi» мобильді қосымшасы бейнеқоңырау арқылы заңгермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Тек осы жылдың алғашқы үш айында өңірде шамамен 3000 құқықтық қызмет көрсетілген. Тұрғындар көбіне алимент өндіру, зейнетақы және жәрдемақы рәсімдеу мәселелері бойынша жүгінеді, - деді Айдын Саменқұлов. 

«Цифрлық нотариат» жобасы да қарқын алып келеді. Бүгінде сенімхат пен түрлі келісімдерді онлайн рәсімдеуге болады. Құжаттар арнайы цифрлық сервисте сақталып, биометрия, SMS - код  және ЭЦҚ арқылы расталады. Жоба іске қосылғалы бері республика бойынша 2,2 миллион сенімхат онлайн берілген. Оның  584-і биыл Павлодар облысында рәсімделген. 

Жалпы, департамент 11 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Есепті кезеңде 949 қызмет ұсынылып, оның 626-сы электронды форматта жүзеге асқан. Апостиль қою қызметі де толық автоматтандырылған: азаматтар шетелде жүріп-ақ өтініш беріп, нәтижесін PDF форматында ала алады. 

- Алимент өндіру мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр.  Облыста 17 мыңнан астам атқарушылық іс бар. Оның ішінде 180 борышкер мүлде төлем жасамайды. Осыған байланысты 113 адам әкімшілік, 7 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында өткізілген жәрмеңкелер нәтижесінде 111 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, - деді ол.

Бұдан бөлек, «Цифрлық сот орындаушы» жүйесі енгізіліп, атқарушылық процестер автоматтандырылған. Ал «Атқарушылық  іс тараптарының кабинеті» сервисі арқылы азаматтар өз істерін онлайн бақылап, төлем жасап, өтініш жолдай алады. 

- I тоқсанда департаментке 1378 өтініш түссе, оның 1086-сы электронды түрде берілген. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 59 түсіндіру шарасы ұйымдастырылып, 2500-ден астам адам қамтылған. Ауылдық жерлерде ашылған 135 «Құқық кабинеті» арқылы 5000-нан астам тұрғынға көмек көрсетілген, - деді Айдын Саменқұлов.

Жалпы, өңірде әділет саласы цифрландыру қызмет сапасын арттырып, азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді жүйе қалыпастыруға мүмкіндік беріп отыр. Тұрғындар тәулік бойы 119 нөмері арқылы тегін құқықтық кеңес ала алады.